Ақтөбе облысында тәртіпке бағынбаған есептегі сотталған түзеу мекемесіне жіберілді
Ақтөбе облысында жаза өтеу тәртібін бұзып, пробациялық бақылауға бағынбаған есептегі сотталған бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында жаза өтеу тәртібі мен сот міндеттеген талаптарды бұзып, пробациялық бақылауға бағынбаған есепте тұрған сотталған бас бостандығынан айырылып, екінші қайтара түзеу мекемесіне жіберілді.
Мұғалжар ауданының тұрғыны бұған дейін алаяқтығы үшін сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын түзеу мекемесінде өтеген. 2023 жылы соттың қаулысымен сотталғанның тәртібінің жақсы болуына байланысты жазасы жеңілдетіліп, бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген 1 жыл 5 ай мерзімі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылып, сол жылдың ақпан айында Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметіне есепке алынған.
Есепке қою кезінде Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметкерлері сотталған У-ға сот жүктеген міндеттерді орындау, жаза өтеу тәртіптерін бұзбау және бақылаудан жасырынбау, ойын-сауық орындарына бармау, мекенжайды ескертусіз тастап кетпеу секілді міндеттерін түсіндіріп, жаза өтеу тәртібін бұзған жағдайда жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылатындығы жөнінде ескертіп, толық ақпараттандырады.
Алайда пробация қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспаған сотталған азамат сотпен жүктелген міндеттерді орындамай, яғни пробация қызметіне уақытылы белгіленуге келмей қояды және пробация қызметіне ескертпестен тұрғылықты мекенжайын бірнеше рет тастап, аудан орталығына және қалаға, ойын-сауық орындарына барып отырған.
Пробациялық бақылауда тұрғанына қарамастан, бірнеше рет сот жүктеген міндеттерді бұзған сотталған У-ға қатысты Мұғалжар ауданында ашық сот отырысы өтіп, оған қайта қылмыс жасауға бейім пробация қызметінің есебінде тұрған басқа да сотталғандар сабақ алу мақсатында қатыстырылды.
– Ашық сот отырысында сотталған азаматтың бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген қалған бөлігі, яғни 11 ай 22 күні бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Енді ол жазасын қайтадан темір тордың ар жағында өтейтін болады, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.