Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында учаскелік инспекторлар тұрғындармен кездесіп, заңбұзушылықтарды анықтауда

Ақтөбе облысында учаскелік инспекторлар тұрғындармен кездесіп, заңбұзушылықтарды анықтауда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

1-қыркүйектен бастап елімізде "Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасы жүргізілуде.

Бұл шараның басты мақсаты – учаскелік инспекторлардың өз аумағындағы тұрғындармен жақын танысуы, жергілікті мәселелерді зерделеуі және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Инспекторлар барлық тұрғын және қызметтік нысандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заңға қайшы әрекеттерді анықтауға баса назар аударуда.

Ақтөбе облысында іс-шара басталғалы бері тәртіп сақшылары екі жарым мыңға жуық қару иесін тексерді. Нәтижесінде қаруды сақтау және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 32 азамат жауапқа тартылып, заңсыз сақталған 4 бірлік атыс қаруы тәркіленді.

Сондай-ақ аралау барысында салық органдарына тіркелмей тұрғын үйді жалға беру деректерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін осындай 124 құқық бұзушылық тіркеліп, тұрғылықты жерінде тіркеусіз тұрғаны үшін 919 азамат жауапқа тартылды.

Қоғамдық орындардағы тәртіп те полицияның басты назарында. Шара барысында алкогольдік ішімдік ішу фактісі бойынша 475 құқық бұзушыға шара қолданылды. Сонымен қатар көпқабатты үйлердің қабырғаларынан 10 есірткі жарнамасы (нарко-граффити) анықталып, жойылды. Елде болу ережесін бұзған 80 шетелдік азамат та әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасы — полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтып, құқық бұзушылықтың алдын алуға, әрбір аула мен әрбір үйде қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру