Ақтөбе облысында ұсақ бұзақылыққа қатысты 9 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылды
Ақтөбе облысында жыл басынан бері ұсақ бұзақылыққа қатысты 9 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдағы ұсақ құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидаты аясында Ақтөбе облысының аумағында тәртіп сақшыларымен қоғамдық орындарды ластаушыларды анықтау мен жауапкершілікке тарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері облыс аумағында ұсақ бұзақылық жасағандарға қатысты 9 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл ретте қоғамдық орындарды ластау деректерінің басым көпшілігін полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен анықтады.
Қоғамдық орындарда түкіргендер мен темекі қалдығын лақтырғандардың 50 пайызы облыс орталығында болса, көпшілігі Шалқар, Хромтау, Алға, Қандыағаш қалаларында анықталып отыр. Себебі осы қалалар бейнебақылау камераларымен жабдықталған, ал бұл – қоғамдық орындарда ластаушыларды анықтаудың бірден-бір құралы.
Қолданыстағы заңнамада (ҚР ӘҚБтК 434, 434-2-бабы) ұсақ бұзақылық жасаушыларға 5-тен 20 АЕК-ге дейінгі айыппұл салу немесе 5 тәуліктен бастап 30 тәулікке дейінгі әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза көзделген. Бұл ретте, қоғамдық орындарды түкіру мен темекі немесе шемішке қалдықтарын тастаған тұрғындар жазасыз қалмайды. Оларға алғашқыда 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бiр жыл iшiнде қайталап жасалса, он айлық есептік көрсеткіш мөлшерін айыппұл салынады.
Полицияның бейнебақылау инспекторлары осындай ұсақ бұзушылықтарды анықтаса, дереу оқиға орнына патрульдік жасақтарды жолдайды. Жақын маңдағы полиция жасақтары бұзушылық жасағандарға қатысты әкімшілік хаттама рәсімдеп, жазаға тартады.