Ақтөбе облысында заңсыз айналымнан 15 бірлік атыс қаруы тәркіленді
Ақтөбе облысында заңсыз айналымнан 15 бірлік атыс қаруы тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс бойынша жедел жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау мақсатында ағымдағы жылғы 15-17 қыркүйек аралығында “Қару” республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу кезеңінде заңсыз айналымнан 15 бірлік атыс қаруы тәркіленді, қаруды заңсыз дайындау мен айналымына байланысты 20 құқық бұзушылық фактісі, оның ішінде төрт қылмыстық құқық бұзушылық фактісі анықталды.
Мысалы, 16 қыркүйек полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген кезде “Қару” жедел алдын алу іс-шарасы аясында жарақат салатын тапаншаны сақтау фактісі анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 287-бабы 2-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы баптың санкциясы екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Сонымен қатар 16 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталды.