Ақтөбе облысында зейнетақы жинағын алмақ болған тұрғын алаяқтарға алданып қалды
Ақтөбе облысында зейнетақы жинағын алмақ болған тұрғын алаяқтарға алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаздың соңында Ақтөбе қаласының 36 жастағы тұрғыны алаяқтық жолмен 62 жастағы әйелдің 900 мың теңгеге жуық ақшасын заңсыз иеленген.
Ол жәбірленушіні зейнетақы жинағын алып беремін деп алдап, телефонындағы екі банктің қосымшасына кіру арқылы ақшаларын алған. Бұл дерек бойынша жәбірленуші қазан айында Ақтөбе қаласының полиция бөліміне арызданды.
Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Күдікті кінәсін мойындады. Ақшаны ол жеке қажеттіліктеріне жұмсап жібергенін айтты.
Алаяқтық дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) қозғалған қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.