Ақтөбе облысында жабылған автожолдардағы көлік құралдарын ұйымдасқан түрде алып жүру қамтамасыз етілді
Ақтөбе облысында жабылған автожолдардағы көлік құралдарын ұйымдасқан түрде алып жүру қамтамасыз етілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауа райының күрт нашарлауына және қатты көктайғақтың қалыптасуына байланысты 18 желтоқсанда Ақтөбе облысының аумағындағы барлық автомобиль жолдары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уақытша жабылды. Қабылданған шектеу шараларының нәтижесінде облыс жолдарында жеңіл автокөліктер, автобустар және ауыр жүк көліктерін қоса алғанда, шамамен екі мыңға жуық көлік құралы жиналды.
19 желтоқсан күні ауа райының біршама жақсаруына байланысты таңертеңнен бастап полиция қызметкерлері жүргізушілермен жол қозғалысы ережелерін сақтау, қауіпсіздік талаптары және қысқы жол жағдайында көлік жүргізу тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және көлік қозғалысын қауіпсіз әрі реттелген түрде ұйымдастыру мақсатында автокөліктерді кезең-кезеңімен алып жүру туралы шешім қабылданды.
Көлік қозғалысы полицияның патрульдік экипаждарының сүйемелдеуімен 5-тен 60 автокөлікке дейінгі колонналар арқылы жүзеге асырылды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қозғалыс жылдамдығын қадағалап, көлік құралдары арасындағы қауіпсіз арақашықтықтың сақталуын қамтамасыз етті, сондай-ақ ықтимал төтенше жағдайларға жедел әрекет етті.
Көлік құралдарын алып жүру жұмыстары ауа райының қолайсыз салдары толық жойылып, жол жағдайы тұрақталғанға дейін жалғасады. Жүргізушілерге полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын қатаң сақтау, ауа райы жағдайын ескеру және аса қажеттілік болмаса, алыс жолға шықпау ұсынылады.
