Ақтөбе облысында жасөспірімдер қауіпсіздігіне арналған профилактикалық форум өтті
Ақтөбе облысында жасөспірімдер қауіпсіздігіне арналған профилактикалық форум өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шалқар ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған "Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі" атты форум өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты — мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және ата-аналар қауымдастығының күш-жігерін біріктіре отырып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту.
Форум барысында кәмелетке толмағандардың мінез-құлқына әсер ететін факторлар, құқыққа қайшы әрекеттердің себептері және ерте кезеңдегі профилактикалық шаралар кеңінен талқыланды.
Шалқар ауданы полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Бақтығалиев интернет қауіпсіздігі, кибербуллингтің алдын алу, жасөспірімдердің әлеуметтік желілер арқылы құқыққа қарсы әрекеттерге тартылуының жолын кесу мәселелеріне ерекше тоқталды. Сонымен қатар оқушылардың құқықтық сауатын арттыру және олардың өзіс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауын қалыптастырудың маңызы атап өтілді.
Отбасының бала тәрбиесіндегі рөлі, адамгершілік құндылықтарды нығайту және қауіптердің алдын ала анықталуы да назардан тыс қалмады. Форумға аудан әкімінің орынбасары, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер, ата-аналар, жоғары сынып оқушылары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Спикерлер ересектерді жасөспірімдердің бос уақыты мен қарым-қатынас ортасына көбірек көңіл бөлуге, олармен сенімді диалог орнатуға шақырды. Бауыржан Бактыгалиев мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.
Дәрістер, рейдтік іс-шаралар жәнежасөспірімдер мен олардың ата-аналарымен жеке түсіндіру жұмыстары жалғасып, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.
