Ақтөбе облысында жасөспірімдер қылмысы 71%-ға төмендеді
Ақтөбе облысында жасөспірімдер қылмысы 71%-ға төмендеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірімдер қылмысының алдын алу, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғынжайдан тыс жерде болу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдіктерді, темекі бұйымдарын өткізу фактілерінің жолын кесу мақсатында Ақтөбе облысының аумағында ювеналдық полиция инспекторлары күн сайын жергілікті рейдтік жұмыстар өткізеді.
Жоспарланған іс-шараларды іске асыру барысында ювеналды полиция инспекторлары аулаларда, саябақтарда және жастар көп жиналатын орындарда, ойын-сауық орындарында рейдтік жұмыстар жүргізді.
Жергілікті рейдтік жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері ІІО-ға 896 кәмелетке толмаған жеткізіліп, оның ішінде 648-і кәмелетке толмаған заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 23.00-ден 06.00-ге дейін тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін жеткізілді.
Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін 41 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ІІО есебіне 137 жасөспірім және 112 тұрмысы нашар отбасы тіркелді.
Жергілікті рейдтік жұмыстарды жүргізу барысында кәмелетке толмағандардан 13 тескіш-кескіш зат тәркіленді.
Ағымдағы жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша облыс аумағында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың 71,4%-ға төмендегені байқалады.
Егер алдын алу жұмыстарына отбасы, жақын ортасы көмек көрсетсе кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығын болдырмауға болады. Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының маңызды себебі – олардың моральдық тәрбиесіндегі кемшіліктер. Кәмелетке толмағандардың жас ерекшеліктері осы контингентке психологиялық және әдістемелік тұрғыдан сауатты көзқарасты талап етеді. Балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқындағы уақытында байқалған ауытқулар және дұрыс ұйымдастырылған педагогикалық көмек құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға әкелуі мүмкін жағдайлардың алдын алуда маңызды рөл атқара алады.