Ақтөбе облысында жолаушы азамат көліктен ауылдасының ақшасын ұрлаған
Ақтөбе облысында жолаушы азамат көліктен ауылдасының ақшасын ұрлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 қарашада түнгі мезгілде Ақтөбе қаласынан Ойыл ауданына қарай келе жатқан Mazda-323 автокөлігінің салонында ұрлық фактісі орын алған.
Автокөліктің рулінде болған Ойыл ауданындағы ауылдардың бірінің 30 жастағы тұрғынының сөмкесінен 200 мың теңге көлеміндегі ақшасы ұрланған. Автокөлікте жәбірленушімен бірге үш жолаушы болған.
Ақшасының жоғалғанын үйіне келгеннен кейін анықтаған ауыл тұрғыны полицияға арызданды.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері күдікті тұлғаны анықтады. Көлік салонында артқы орындықта отырған 27 жастағы ауыл тұрғыны жүргізуші орындығының артында ілулі тұрған әйелдер сөмкесінің ішіндегі әмияннан ақшаны жасырын ұрлағанын мойындады.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіден ұрланған ақша тәркіленді. Тергеу жүргізіліп жатыр.