Ақтөбе облысында жүргізуші куәлігінсіз жолаушы тасымалдаған азамат анықталды
Ақтөбе облысында жүргізуші куәлігінсіз жолаушы тасымалдаған азамат анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Ақтөбе – Астрахань автожолында полицейлер жолаушылар тасымалдап жүрген шағын автобусты тоқтатты. Тексеру кезінде көлік жүргізушісі көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Соған қарамастан, ол Шұбарқұдық – Ақтөбе бағыты бойынша жолаушылар тасымалдауды жалғастырған. Шағын автобустың салонында 16 жолаушы болған. Аталған дерек бойынша полицейлер жүргізушіге қатысты тиісті шара қолданып, іс материалдары сотқа жолданды.
Полиция жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында жүргізушілерді заң бұзбауға шақырады.
