Ақтөбе облысында жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 200-ге жуық қылмыс ашылды
Ақтөбе облысында жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 200-ге жуық қылмыс ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта арнайы техникалық құралдардың айтарлықтай дамуы мен қолданылуына қарамастан, полицияда қызметтік иттер қару-жарақ, жарылғыш заттар мен есірткілерді анықтауда, қылмыстарды ашуда таптырмас көмекші болып қала береді.
2023 жылдың басынан бері облыс аумағында қызметтік иттердің көмегімен 199 қылмыс ашылды, оның ішінде 2 кісі өлтіру, бірнеше ұрлық, тонау қылмыстары ашылып, 54 килограмм есірткі табылды. Сонымен қатар қазіргі таңда қоғамда синтетикалық есірткі заттарының таралуына байланысты қызметтік иттер оларды іздеп табуға кәсіби даярланып, бейімделуде. Жыл басынан бері облыс аумағында қызметтік иттердің көмегімен 1,7 келі синтетикалық есірткі табылды.
Кинолог-маманның негізгі міндеті – оқиға орнында немесе жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде қызметтік итті қолдануға дайын болу, қылмыстық іздестіру, тергеу, анықтау, патрульдік полицияның қызметкерлеріне қылмысты ашуға көмектесу, қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету.
– Полицияда қызмет ететін кинолог мамандығында кездейсоқ адамдар жоқ, өйткені оның негізінде жануарларға деген сүйіспеншілік жатыр. Еңбекқорлық, шыдамдылық, жауапкершілік және зейінділік – онсыз адам мен иттің сәтті тандемінің болуы, жұмысты тиімді орындау мүмкін емес, – дейді Ақтөбе облысы ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы Сапабек Рахимов.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысы ПД кинологиялық қызмет орталығында өз ісін сүйіп атқаратын нағыз мамандар қызмет етеді, олардың ішінде 20 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар полицей-кинологтар бар.