Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысындағы ҚАЖ мекемесінде “Қақпа алдындағы кездесу” іс-шарасы өтті

Абайсызда немесе қасақана жағдайда қылмысқа барып, жазаға тартылып сотталған азаматтардың босатылғаннан кейінгі қоғамға қайта бейімделуі үшін “Қақпа алдындағы кездесу” жобасының маңызы өте зор. Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №8 түзеу мекемесінен жаза мерзімінің аяқталуымен босатылған Ақтөбе қаласының тұрғынына аталмыш іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол ҚР ҚК-нің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша бас бостандығынан шектеліп, пробация есебіне алынған. Бірақ есепте тұрса да, бірнеше бұзушылық жасап, Сот үкімімен 11 ай 10 тәулікке бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығын айыру жазасына ауыстырылған.

Іс-шарада №8 түзеу мекемесінің сотталғандарды еңбекті және тұрмыспен қамтамасыз ету бойынша аға инспекторы Камшат Ельтаева және Ақтөбе қаласының мансап орталығы филиалының маманы Гүлзабира Бисембаева бостандыққа шығушы сотталғанға жоба аясында көрсетілетін барлық қолдаулар мен көмектерді түсіндірді. Сондай-ақ босатылғаннан кейін жұмыспен қамту, кепілді медициналық көмек, құқықтық көмек, пробациялық бақылап- қадағалау мәселелері бойынша құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

– Кездесуде бостандыққа шығушы сотталған баспанасы жоқтығын айтып, мекендеуге арнайы орын бөлетін жұмыс және күнделікті жұмсауына жәрдемақы ретінде қаражатпен көмек сұрады. Тұрғылықты жері болмағандықтан, сотталған Ақтөбе қаласындағы Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталыққа уақытша орналастырылды. Жалпы, “Қақпа алдында кездесу” әлеуметтiк жобасы негiзiнде сотталғандардың бостандыққа шыққан алғашқы күндерiнде олардың қоғамға тез бейiмделуi үшiн жағдай жасалып, әлеуметтiк көмек көрсету басты назарда болады, – дейді №8 түзеу мекемесінің сотталғандарды еңбекті және тұрмыспен қамтамасыз ету бойынша аға инспекторы Камшат Ельтаева.

Айта кету керек, жыл басынан бастап күні бүгінге дейін №8 түзеу мекемесінен 148 сотталған бостандыққа шыққан болса, өткен 2022 жылы 274 сотталған бостандыққа шықты. Түзеу мекемесінен жазасын өтеп шыққандар үшін “Қақпа алдында кездесу” жобасы күні бүгінге дейін өз нәтижесін беріп келеді. Яғни, әлеуметтiк көмекке мұқтаж сотталғандарды барынша қамқорлыққа алып, көмек қолын созуда. Бір ғана мысал, биылғы жыл басынан бастап 9 сотталған өздері білдірген өтініштеріне сәйкес, мекеме қызметкерлерінің ықпалымен 40 мың теңге болатын біржолғы әлеуметтік көмекке қол жеткізді.

Шара аясында қажетті ақпараттарды алған азамат мекеме әкімшілігіне және келген мамандарға өз ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру