Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында полиция күніне 4 мыңға жуық жүргізушіге бағыт-бағдар беріп, ілесіп жүреді

Ақтөбе облысында полиция күніне 4 мыңға жуық жүргізушіге бағыт-бағдар беріп, ілесіп жүреді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ауа райының қолайсыздығы, жолдағы қысқы тайғаққа байланысты Ақтөбеде полиция қызметкерлері автожолдарда, оның ішінде республикалық маңызы бар трассаларда қауіпсіздік шараларын күшейтті. Бірнеше күннен бері облыс аумағы арқылы өтіп жатқан, әрі жол-көлік апаттары жиі тіркелетін Самара – Шымкент республикалық маңызы бар автожолында полицейлер барлық автокөлікті колонналармен сүйемелдеуде.

Автоколонналарға ілесіп жүру тәулігіне екі мезгіл – таңғы және түстен кейінгі уақытта Ақтөбе қаласынан Қызылорда облысының шекарасына дейінгі бағытта жүзеге асырылуда. Колонналар Ақтөбе, Хромтау, Қарабұтақ, Ырғыз елді мекендері бағыттарынан басталады. Сүйемелдеу барысында әсіресе, жүк көліктері, транзиттік көліктер және жолаушылар тасымалдайтын автокөліктерге ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта патрульдік автокөліктер колоннамен күніне 4000-ға жуық автокөлікті сүйемелдеп жатыр.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері Самара – Шымкент трассасында жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолаушылар тасымалдайтын автокөліктердің алыс жолға жарамдылығын қадағалау жұмыстарын да жүзеге асыруда.

Естеріңізге сала кетейік, 1 желтоқсаннан бері облыс аумағында өтіп жатқан "Қауіпті жүргізуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция жолдағы қауіпсіздік шараларын одан әрі күшейтуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру