Ақтөбе облысының әкімі ІІМ ардагерін Отан алдындағы адал еңбегімен құттықтады
Ақтөбе облысының әкімі ІІМ ардагерін Отан алдындағы адал еңбегімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ішкі істер органдарының ардагері Елемес Шотановпен кездесті. Кездесу барысында аймақ басшысы ардагерге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі көп жылдық қажырлы қызметі үшін алғыс білдірді. Елемес Шотанов еңбек жолын ауыл мектебінде тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Кейін ішкі істер органдарына шақырылып, құқық қорғау саласында 29 жыл қызмет етті. Оның 18 жылы — Іргіз, Темір, Шалқар және Әйтеке би аудандарының полиция бөлімдерінде басшылық лауазымдарда өтті.
– Кеше Мемлекет басшысы өз сөзінде дәл сіз секілді полиция әулеттері мемлекеттің берік тірегі екенін атап өтті. Мұндай әулеттер ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырып, Заңға деген сенімді арттырып, жастарға үлгі болады. Сіздің отбасыңызда бұл құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Үмітім — немереңіз де осы жолды жалғастырып, болашақта генерал атанады. Біз Сізді мақтан тұтамыз, – деді Асхат Шахаров.
Мұндай кездесулер ардагерлердің елге сіңірген еңбегін бағалап, жас буынға адалдық пен отансүйгіштіктің маңызын насихаттауға бағытталған.