Ақтөбе облысының бас полицейі батырлар мектебіне барды
1 қыркүйек күні Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов Ақтөбе қаласындағы №13 орта мектебіне арнайы барып, балаларды Білім күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл мектеп – қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза болған полиция аға лейтенанты Руслан Жолдыбаев оқыған құтты білім ордасы. Жуырда осы мектеп қабырғасында батыр полицейдің атына арнайы кабинет мен полиция сыныбы ашылған болатын.
– Бүгін балалар мен ата-аналардың жүрек толқынысы мен қуанышы ерекше сезілді. Себебі алғашқы қоңырау – әрбір балақайдың жаңа әлемге қадам басуын, жарқын өмірге қадам басуын білдіреді. Әрбір балақайға – құтты қадам, шуақты ғұмыр, найзадай намыс пен жасымас жігер тілейміз. Олардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағы үшін біз әрдайым күзеттеміз, – деді өзінің құттықтау сөзінде Абай Жусупов.
Сонымен қатар ПД бастығы марқұм полицей Руслан Жолдыбаев оқыған мектептің тәрбиеленушілері ержүрек ағаларының ізімен ерлік жасап жүргенін атап көрсетіп, биыл жаз мезгілінде Елек өзеніне батып бара жатқан балақайды құтқарған жас батыр – осы мектептің 11-сынып оқушысы Баққұл Қолғанатты, оның ата-анасы мен ұстаздарын марапаттап, алғыс сөздерін жеткізді.
Салтанатты шарадан кейін өңірдің бас полицейі осы мектептің полицей сыныбының жас сақшыларымен бірге 1-сынып оқушыларына суретті боямалы кітапшалар арқылы жол жүру ережелерін түсіндіріп, қауіпсіздік талаптарын айтып берді. Бұл күні тәртіп сақшыларымен осындай құқықтық білім беру сабақтары облыстың барлық мектептерінде ұйымдастырылды.