Ақтөбе облысының ПД басшысы көпбалалы отбасыға көмек көрсетті
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында Ақтөбе облысы ПД басшысы Атығай Арыстанов көп балалы Жетесовтар отбасына барып, азық-түлік түрінде көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көп балалы отбасы Жетесовтар 21 баланы тәрбиелеуде, оның ішінде 18 бала патронатық және қамқорлыққа алынып, тәрбиеленіп келеді. Жетесовтар отбасындағы әр адам музыкалық аспапта ойнайды және «Шашу» ансамблі Ақтөбе облысында ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал болып келеді.
Көп балалы отбасына барған А. Арыстанов ата-аналарына балаларды тәрбиелегені үшін алғысын білдіріп, оларға бақыт тіледі.
«Ертең 1 мамыр – бірлік мерекесі. Елімізге бірлік, жақсылық тілеймін. Ауыр жағдайларға қарамастан, сіздің отбасыңыз елдің дамуына өз үлесін қосып, онлайн форматта концерттер өткізудесіз«, – деді А. Арыстанов.
Өмірхан Жетесовтың жұбайы Алмагүл Ешпанова Полиция департаменті басшысына алғысын білдіріп, балаларын өнерге баулып, тәрбиелейтіндерін атап өтті. Карантин күндері бүкіл отбасы үйде, ал көптеген қамқорлық танытқан ақтөбеліктер азық-түлікпен көмектесіп жатыр.
Отбасылық ансамбль құрамындағы балалар ПД басшысына Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады, ал сегіз жасар Жарқынай Жетесова Жетіген аспабымен «Кербез керік» атты халық шығармасын ойнады.