Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысының ПД қызды зорлықтан құтқарған әскери қызметкерді марапаттады

Ақтөбе облысының ПД қызды зорлықтан құтқарған әскери қызметкерді марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбеде «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655 әскери бөлімінің аға маманы Андрей Петров қызды зорлықтан құтқарып қалды. Оқиға 15 маусымға қараған түнгі сағат 03.00 шамасында болған. Андрей өз пәтерінің балконына шыққан кезде көмекке шақырған әйелдің даусын естиді. Сыртқа жүгіріп шыққан ол бұталардың арасында әйелге зорлық-зомбылық көрсетіп жатқан ер адамды көреді. Оның бірден қолын қайырып, шетке итеріп жібереді. Осы қылмыстың куәгері ақтөбелік Толғанай Лесбаева  видеожазбаға бәрін түсіріп алып, «102»-ге қоңырау шалып, полиция қызметкерлерін шақырған. Полицейлер келгенге дейін сытылып кетуге тырысқан күдіктіні жібермей ұстап тұрған. Сот күдіктіні кінәлі деп тауып, сот шешімі бойынша бес жылға бас бостандығынан айырды.

– Бұл – ерлік емес. Кез келген адам осылай жасар еді. Көмекке шақырған адамға қол ұшын беру – ер азаматтың борышы, – дейді аға маман А. Петров.

 

Қырағылық пен батыл іс-әрекеті үшін Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов 6655 әскери бөлімінің аға маманы Андрей Петровқа және куәгер Толғанай Лесбаеваға салтанатты түрде алғыс хатты табыстады.

– Қылмыспен күрес жолында ерлік көрсетіп жүрген ел азаматтарының арқасында көптеген қылмыстарға жол берілмеуде. Сіздер үлкен батылдық танытып, күдіктіні ұстауға көмек көрсеттіңіз, ал мұндай ерлік істер өскелең ұрпаққа үлгі болып табылады. Сіздерге мықты денсаулық, жарқын болашақ тілеймін, – деп атап өтті Полиция департаменті бастығы.

Айта кетейік, Андрей – Жем қаласының тумасы, Ұлттық ұланда 2017 жылдан бері қызмет етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру