Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысының полицейлері заңсыз балық аулаушыларды ұстады

Ақтөбе облысының полициясы заңсыз балық аулаумен айналысқан облыс тұрғындарын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері «Уылдырық шашу – 2024» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Тобыл – Торғай облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының инспекторымен бірге Ойыл ауылының шетінде, облыс тұрғынының басқаруындағы УАЗ автокөлігін тоқтатты.

Автокөліктің жүксалғышынан тәртіп сақшылары жалпы салмағы 148 кг асатын 6 қап мөңке (карась), жалпы салмағы 2 кг асатын 1 қап қара балық (линь), балық аулау құралдарының жиынтығын, резеңке үрлемелі қайықты тауып, тәркіледі. Сондай-ақ көлік құралын тексеру кезінде жолаушылардың бірі 5,6 мм калибрлі тіркелмеген мылтық және оған 25 патронды өз еркімен берді.

Балық ресурстарын заңсыз өндіру және қаруды заңсыз сақтау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Заңсыз балық аулау нәтижесінде келтірілген залал есептеледі.

10 сәуірден 31 мамырға дейін облыс аумағында «Уылдырық шашу – 2024» ЖПІШ өткізіліп жатыр.

Аталған кезеңде полицейлер балық аулау және балық ресурстарын қорғау ережелерін бұзудың 105 фактісін анықтап, пайдалануға тыйым салынған балық аулау торларының мың метрден астамын тәркіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру