Ақтөбе облысының полицейлері жасөспірімдер үшін спорттық және мәдени іс-шаралар кешенін өткізіп жатыр
Жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулу, балалардың бойында адамгершілік сезімдерді қалыптастыру, рухани және ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып, балаларды құқық бұзушылықтардан аулақ болуға бейімдеу мақсатында 23 қазаннан бастап Ақтөбе қаласы ПБ ювеналдық полиция бөлімі жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен 5 мыңнан астам баланы қамтитын ауқымды спорттық және мәдени іс-шаралар кешенін өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шара аясында 2 қараша күні орталық кітапханада мектеп оқушыларының Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекетпен кездесуі өтті. Мақсаты – белгілі тұлғаның жетістікке жету жолдарымен таныстыра отырып, балаларды қиындыққа мойынсұнбау мен жарқын мақсаттарға ұмтылуға тәрбиелеу. Кездесуге Ақтөбе мектептерінің 40-тан аса оқушысы қатысты.
Балалармен кездесу аса әсерлі, әрі мейірімді атмосферада өтті. Қала әкімі оқушыларға өзінің балалық шағы, мектептегі өтпелі кезеңі, спорттың өз өміріндегі ықпалы, отбасы мен қызметі туралы мазмұнды баяндап берді. Ал оқушылар қала басшысына өздері туралы айтып беріп, қызықтырған сұрақтарын қойды. Балалардың көпшілігін әкімнің чемпион-боксер ретіндегі спорттық өмірі қызықтырса, жетістікке жету жолдарын, әкімдік өмірін, қызықты оқиғаларын айтып беруді сұраған оқушылар да болды.
Азамат Бекет әр балаға мұқият көңіл бөліп, оларды қызықтырған сұрақтардың барлығына шынайы, әрі әсерлі жауап берді.
– Жетістікке жету үшін ең бастысы алға мақсат қоя білу керек және осы мақсатқа жету жолында шаршамай еңбектену қажет. Спорт – адам бойында шыдамдылық, тәртіптілік пен мінез сынды жақсы қасиеттерді қалыптастырады. Ана-аналарыңның сенімін ақтап, мақсаттарыңа адал болып, сабақты жақсы оқумен қатар, бос уақыттарыңызда дене тәрбиесіне де көңіл бөлуге және еліміздің ісіне адал, патриот азаматтары болуға шақырамын, – деді қала әкімі.
Кездесуден кейін балалар шаһар басшысымен бірге облыстық драма театрда «Мұғалім» қойылымын тамашалауға барды.