Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысының полициясы тыныштықты бұзбауға шақырады

Ақтөбе облысының полициясы тыныштықты бұзбауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері өңірде полицияға 2800-ден астам адам түнгі тыныштығының бұзылғаны туралы арызданған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, әсіресе, жаз мезгілінде тыныштықты бұзу фактілері туралы арыз-шағымдар саны артады. Олардың басым көпшілігі – көршілерінің шуына шағымданған көпқабатты үйлердің тұрғындары. Бірі – жөндеу жұмыстарының түн ортасына дейін созылғанын айтса, бірі түнде балалардың үйдегі немесе ойын алаңындағы шуына шағымданады, енді бірі пәтерде немесе терезе алдындағы көлікте музыканың даусы тым қатты шығатынын алға тартады. 

Мұндай шағымдар бойынша учаскелік полиция инспекторлары шығып, тыныштықты бұзу фактісі расталған жағдайда, құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырып, онымен профилактикалық әңгімелесу өткізеді. Кінәлі азаматтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабына сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді, яғни 18 460 мың теңгені құрайды. Бір жыл ішінде бұзушылық тағы қайталаса, айыппұл сомасы да екі еселенеді.

Әкімшілік заңнамаға сәйкес, жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін азаматтардың тыныштығын бұзуға болмайды, яғни адамдардың қалыпты демалысына кедергі келтірмеу қажет. Сол сияқты тұрғын ғимараттарда және тұрғын үйлерге жақын орналасқан ойын-сауық орындарының тыныштықты бұзуы 20 АЕК-ден басталатын әкімшілік жазаға әкеледі. Сондықтан, моральдық және материалдық шығындардың алдын алу үшін тұрғындарды бір-бірінің тыныштығына құрметпен қаруға және өзара түсіністік пен сыйластық танытуға шақырамыз, – дейді Ақтөбе облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Жандарбек Алибаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру