Ақтөбе облысының ҚАЖ қызметкері – Қазақстан чемпионатының жүлдегері
28-31 шілде аралығында Алматы қаласында дзюдодан спорт шеберлері арасында өткен ҚР Чемпионатында Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Хромтау аудандық пробация қызметінің инспекторы Азамат Бақтыбаев жүлделі І орынды қанжығасына байлап қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ қызметкері Азамат Бақтыбаев 19 облыстан келген 350-ден астам спортшы қатысқан Алматы қаласында Дзюдо күресінен сынға түсті.
– Қызмет бабымен Хромтау ауданына ауысып келгендіктен, осындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жаттықтырушысы Әлібек Зингенге жолығып, дзюдодан шұғылданғым келетінімді айтқанмын. Жаттықтырушы бірден келісті. Жаттығу барысында жаттықтырушым Алматы қаласында дзюдодан өтетін Қазақстан чемпионатына баруға ұсыныс тастады. Мен бірден келістім, – дейді ҚР чемпионы атанған ҚАЖ қызметкері Азамат Бақтыбаев.
Бұл жеңіс Азаматтың ел бойынша өткен чемпионаттан алған бірінші жеңісі емес. Ол бұған дейін де екі мәрте құқық қорғау қызметкерлері арасында өткен Самбо күресінен республикалық турнирде жүлделі І орындарды иеленіп келген болатын. Ал жалпы спортпен 9 жасынан бері шұғылданатын Азаматтың спортқа деген құлшынысы да, сыйластығы да бөлек.
– Алайда әр жеңістің айрықша орны бар болғандықтан, мұндай жеңістерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені әр чемпионаттағы жүлделі орындардың салмағы бөлек болады. Сондықтан осы атаулы жеңіске жеткенімді естігенде, ерекше қуандым. Енді алдымда үлкен сынақ күтіп тұр. Әлем чемпионатынан үлкен жеңіспен оралуға барымды салып, дайындалатын боламын, – деді ҚАЖ қызметкері Азамат Бақтыбаев.
24-26 қазан күндері БАӘ Әбу-Даби қаласында өтетін дзюдо турнирінен Әлем чемпионатына жолдама алған Азамат Бақтыбаевты енді үлкен тартысты сайыс күтіп тұр.