Ақтөбе полицейі мамандандырылған ХҚКО-дағы қызметі туралы айтып берді
Ақтөбе полицейі мамандандырылған ХҚКО-дағы қызметі туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бекнұр Таңатаров күн сайын Ақтөбе қаласында автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін беру, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін беру бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Мұнда келмес бұрын ол патрульдік полицияда қызмет еткендіктен, халықпен жұмыс істеу мүлде қиынға соқпағанын айтады. Күніне 400-ден астам азаматқа қызмет көрсетіп, автокөлік құжаттарын рәсімдейтін аға инспектор Бекнұр Таңатаров халықпен жұмыста бастысы сабырлы, өз ісіңе жауапты болу керек деп есептейді.
– Күн сайын адамдармен жұмыс жасағанда әр адамның ыңғайын табуға, жағдайын түсінуге, қолдан келген көмегіміз бен кеңесімізді беруге тырысамыз. Әрине азаматтар әртүрлі көңіл-күймен келеді, кейде ризашылық сөздерін де айтып кетіп жатады, – дейді Бекнұр.
Жуырда қызмет алуға келген азаматтардың бірі полиция қызметкерінің кәсібилігіне риза болып, ішкі істер министрінің атына алғыс сөздерін жолдаған. Нәтижесінде азаматтың ақ тілегі ескеріліп, Б.Таңатаров ІІМ грамотасымен марапатталған.
Өткен жылы шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру науқаны кезінде полицейлерге күшейтілген режимде қызмет етіп, нәтижесінде 37 мыңнан астам шетелдік автокөлік қазақстандық тіркеуге қойылған. Ал биыл жыл басынан бері облыс бойынша полицейлер 29 мыңнан астам автокөлікті тіркеген.
Көлікті тіркеу бойынша қызмет көрсету кезінде полицейлер міндетті тәртіпте оны бірнеше базалар арқылы тексереді, оның ішінде интерпол арқылы тексеру мүмкіндігі де бар. Бұл ретте қырағылық пен мұқияттылық аса маңызды. Бірде Mercedes-Benz автокөлігін тіркеуге түскен өтінішті мұқият тексеру кезінде Бекнұр Таңатаров автокөліктің 3 жылдан бері Ресей Федерациясында іздеуде жүргенін анықтаған.
– Мемлекеттік қызметтердің электронды түрде көрсетілетіні азаматтар үшін аса қолайлы. Мысалы, жүргізуші куәлігін беру бойынша қызмет көрсету ұзақтығы 20 минуттан 1 сағатқа дейін. Жыл басынан бері 17 мыңнан астам куәлік бердік. Тәжірибемде 70-ке жуықтаған зейнеткердің алғаш рет жүргізуші куәлігін алған кезі де кездесті. Қазіргі уақытта халықтан көлікке жоғары сұранысты мемлекеттік нөмір, яғни вип нөмір беруге өтінім көп түседі. Мысалы жыл басынан бері 454 азаматқа осындай нөмір бердік, бұл өткен жылмен салыстырғанда 133-ке көп. Мұндай нөмірлердің құны 210 444 теңгеден басталады. Бұл өтінімдер ІІМ арқылы мақұлданатындықтан, қызмет көрсету 14 күнге дейінгі мерзімді құрайды, – деді полицей.
Полицейдің кәсіби көкпаршы екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Бала кезінен ат жалын тартып мінген Бекнұр қазіргі уақытта «Әлім ата» көкпар командасының белсенді мүшесі. Көкпар спортынан Қазақстан чемпионаты мен бірнеше турнирлерінің жүлдегері.
– Жұмыстан кейін күн сайын жаттықтыру базасына барып атқа мінемін. Ат үстінде барлық шаршағанымды ұмытып, шабыт алғандай боламын. «Ат – ер қанаты» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек, – дейді ол.