Ақтөбе полицейлері балалармен бірге “Бүркіт” фильмін тамашалауға барды
Ақтөбе полицейлері балалармен бірге “Бүркіт” фильмін тамашалауға барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулу, балалардың бойында рухани және ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып, балаларды құқық бұзушылықтардан аулақ болуға бейімдеу мақсатында 23 қазаннан бастап Ақтөбе облысы ПД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен 5 мыңнан астам баланы қамтитын ауқымды спорттық және мәдени іс-шаралар кешенін өткізіп жатыр.
Шара аясында 8 қараша күні ювеналдық полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласы мектептерінің 145 оқушысын “Бүркіт” отандық фильмін тамашалауға кинотеатрға апарды. Күрең беретке ие болу үшін сынға түскен “Бүркіт” арнайы жасағының сарбаздарының оқиғасын баяндайтын фильм жауынгерлік рухты, Отанға деген адалдықты шынайы бейнелейді.
– Әскери техника мен авиация, әскери адамдар бейнеленген, әрі шынайы оқиғаларға толы фильм балалардың рухын көтеріп, көңілінен шықты. Мұндай патриоттыққа толы фильмдер жастардың отансүйгіштік сезімдерін нығайта түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар картинада көрсетілетін еліміздің ең көрікті жерлері, өзен-таулары да балаларға керемет әсер сыйлады, – дейді Ақтөбе қаласы ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Ботакөз Жалекешова.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен түсірілген “Бүркіт” отандық фильмі көрерменге қараша айынан бастап жол тартқан болатын.