Ақтөбе полицейлері шетелдік автокөліктерді заңдастыруға қатысты алаяқтықтың бетін ашты
Ақтөбе полицейлері шетелдік автокөліктерді заңдастыруға қатысты алаяқтықтың бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе тұрғыны алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Күдікті шетелдік көліктерді заңдастыруда қиындықтарға тап болған тұрғындарды алдаған. Қазіргі таңда бес жәбірленуші анықталды, бірақ тергеу органдары күдікті әйелдің азаматтарды алдаудың басқа жағдайларына қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
34 жастағы әйел көліктерін заңдастыруда қиындықтарға тап болған шетелдік автокөлік иелеріне өз қызметін ұсынған. Ол өзінің таныстары бар екенін және бұл мәселені шеше алатынын айтқан. Әрбір жәбірленушіден күдікті 300 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақша алған. Шындығында, ол ақшаны өз пайдасына жұмсаған. Ұсталған әйел өз кінәсін мойындады.
Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полиция оны басқа да ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғын тексереді. Полиция департаменті азаматтарды алданып қалмау үшін тиісті қызметтерді мамандандырылған мемлекеттік мекемелерден ғана алуға шақырады.