Ақтөбе полицейлері велосипед ұрлаған күдіктіні анықтады
Ақтөбеде бейнебақылау камерасының объективіне велосипед ұрлығы түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер велосипед ұрлығын ашу бойынша жедел іс-шараларды өткізу барысында күдіктіні бейнебақылау камерасының көмегімен анықтап, ұстады. Көпқабатты үйдің кіреберісінен жас жігіт спорттық велосипед ұрлаған. Жәбірленуші келтірілген залалды 25 мың теңгеге бағалады.
Тергеу шаралары барысында күдікті тағы бір велосипед ұрлағанын мойындады. Ұрланған бір велосипед тәркіленді, күдікті екінші велосипедті көшеде белгісіз адамға сатып жіберген.
Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті ұрлықтан қорғанудың сенімді әдісі – велосипедті қараусыз қалдырмау екенін еске салады. Егер сіз велосипедті қараусыз қалдыруға мәжбүр болсаңыз, оны құлыппен мұқият бекітіңіз.