Ақтөбе тұрғындары полиция жұмысына оң бағасын берді
Ақтөбе тұрғындары полиция жұмысына оң бағасын берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбеде көпқабатты тұрғын үй ауласында өткен ашық форматтағы кездесу тұрғындар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайтудың тиімді алаңына айналды. Шараға 100-ден астам адам қатысып, полиция қызметкерлерімен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Кездесу барысында азаматтар қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздік пен аула аумағын абаттандыру мәселелерін көтерді. Жиналған жұртшылық мұндай кездесулердің тұрғын үйлердің ауласында өткізілуін оң қабылдап, ризашылықтарын білдірді. Олар бұл форматтың ашық әрі қолжетімді екенін атап өтіп, жұмысбастылыққа байланысты тиісті мекемелерге жеке жүгінуге уақыт таба алмай жүргендерін жеткізді.
Көпшілікті әсіресе түнгі уақытта тыныштықты бұзатын кәмелетке толмағандарға қатысты бақылауды күшейту мәселесі алаңдатты. Полиция өкілдері бұл бағытта тиісті шаралар қабылданатынын айтып, тұрғындардың әрбір өтініші назарда болатынын жеткізді.
Кездесу соңында тәртіп сақшылары бұндай ашық диалог форматындағы кездесулер қаланың өзге аудандарында да тұрақты түрде жалғасатынын хабарлады. Халықтың сұраныстары мен ұсыныстарына басымдық беру – Ақтөбе полициясының басты ұстанымдарының бірі.