Ақтөбе заң институтында балаларға арналған танымдық экскурсия өтті
Ақтөбе заң институтында балаларға арналған танымдық экскурсия өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Ел боламын десең, бесігіңді түзе" деген қанатты сөздің мәні бүгінде айқын. Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерінің бірі – балалар мен жастардың өмір сүру сапасын арттыру. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Жолдауында: "Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы" деп атап өткен еді.
Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылығын арттыру және оларды шынайы өмірге бейімдеу – барша қоғам мүшелерінің ортақ міндеті. Осыған орай Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында балалар мен жасөспірімдерге арнап арнайы экскурсия ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында жас буын институттың тыныс-тіршілігімен, материалдық-техникалық базасымен танысып, болашақ мамандық таңдауға бағыт-бағдар алды. Олар саптық алаңды, казарманы, криминалистикалық полигонды, спортзал мен мұражайды аралап, Макаров тапаншасы мен Калашников автоматын бөлшектеу процесін тәжірибе жүзінде тамашалады.
Экскурсияның әсерлі сәттерінің бірі – Кеңес Одағының Батыры М. Бөкенбаевқа арналған мұражаймен танысу болды. Оқушылар тарихи экспонаттармен танысып, рухани әсер алды.
Бұл шара жас ұрпақты "Заң мен Тәртіп" қағидатына сүйеніп, елге адал қызмет етуге, әділдік пен парасаттылыққа үндейді.
Баланың қорғаны болу – оның құқықтық сауаттылығын қалыптастыру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу. Бұл – келер ұрпақ алдындағы аса жауапты әрі қасиетті борыш.