Ақтөбе заң институтында салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті
20 қыркүйекте Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында 1-курс курсанттарының салтанатты ант қабылдау рәсімі және қызметтік борышын атқару барысында қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғ.Елеуов, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қ.Сұлтанбаев, облыстық мәслихат депутаты Қ.Тапаев, ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, қызмет бабында қаза болған институт түлектері – М.Рахматуллаев пен Р. Кенжалиннің ата-аналары мен жақындары, сондай-ақ ант қабылдаушы курсанттардың ата-аналары қатысты.
Ант қабылдау – құқықтық әрі саяси-тәрбиелік маңызы зор іс-шара. Ол жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа баулитын, Отанына, халқына және қызметіне деген адалдықтың айқын көрінісі болып табылады. Бірінші курс курсанттары ант беру арқылы ең жоғары әрі мәртебелі міндеттемені мойнына алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Ержүрек сақшылардың ерлігі халыққа жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі ретінде жұртымыздың жадында сақталуы тиіс", – деген болатын.
Осыған орай институт аумағында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан бейбіт күннің батырларына арналған ескерткіш ашылды. Бұл ескерткіш болашақ полиция қызметкерлеріне отансүйгіштік рух беріп, өз антына адал болуға, ел игілігі үшін адал қызмет етуге шабыттандыратынына сенім мол.
Қызметтік парызын орындау жолында жанқиярлық танытып, өз өмірін құрбан еткен полиция қызметкерлерінің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.