Ақтөбеде 32 сотталған тұрақты жұмысқа тұрды
Ақтөбеде пробация қызметінің ықпалымен 32 сотталған тұрақты жұмысқа тұрды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметімен есепте тұрған сотталғандарды қоғамға бейімдеу бойынша жыл бойына бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің есебінде 937 сотталған тұрған болса, оның ішінде 134-і – әйелдер, кәмелетке толмағандардың саны – 10.
Сонымен қатар Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметі өз кәсібін ашуды армандайтын сотталғандарға жергілікті әкімдік және жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, қолдау көрсетуде. Атап айтқанда, биылғы жыл басынан бастап, Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметімен тұрақты жұмыс орнына жіберілген есепте тұрған сотталғандар арасында 32 азамат жұмысқа орналасып, үш азамат қысқа мерзімді курстардан өтті және бір азамат әлеуметтік жұмыс орнына қызметке тұрды.
Одан бөлек, Ақтөбе қаласы әкімінің аппараты, Ақтөбе қаласы Астана ауданының пробация қызметі және «Атамекен» ҚР ҰКП Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы арасында жасалған үшжақты меморандумдар аясында шағын және орта бизнес ұсынатын жұмыс орындарына қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаға сотталған азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша шаралар жүргізіліп жатыр.
– Есепте тұрған сотталғандарды қоғамға бейімдеу және олардың тарапынан болуы мүмкін қайта қылмыстың алдын алу жұмыстары келер жылы да жалғасын табатын болады, – дейді Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің бастығы Азат Тулегенов.