Ақтөбеде 5 оқу орнына бомба қойылды: жалған ақпарат иелері анықталуда
Ақтөбеде мектептерге бомба қойылды деп жалған ақпарат таратқан тұрғындар анықталуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2 қыркүйек күні сағат 07.20 шамасында Ақтөбе қаласындағы №1, 2, 21, 22 және 56 ОМ электрондық мекенжайларына олардың ғимараттарына бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Барлық шұғыл қызметтер мен саперлер тобы дереу оқиға орнына шықты, ғимараттарды жарылғыш құрылғылардың болуына тексеру ұйымдастырылды. Оқу орындарында оқушылар болған жоқ. Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ.
Полиция департаменті анонимді хабарламалардың авторын анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізуде.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Осы баптың санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын мұндай хабарламалар Ақтөбе қаласының алты оқу орнының электрондық мекенжайына түскен болатын, онда жарылғыш құрылғылар табылған жоқ.