Ақтөбеде 71 жастағы қария алғаш рет жеке куәлік алды
Ақтөбеде полицейлер 71 жастағы қарияға алғашқы жеке куәлігін тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Валентина Бердина –Ақтөбе қаласының тұрғыны. Өмір бойы Қазақстан аумағында тұрғанымен, жеке құжаттарын рәсімдемеген. КСРО кезінде алған жарамсыз төлқұжатын ауыстырмағандықтан, осы күнге дейін зейнетақы да ала алмай келген. Құжатсыз, әрі тиісті зейнетақы төлемдерінсіз өмір сүріп жатқан қарт ананы жергілікті еріктілер өз қамқорлығына алып, материалдық, әрі құқықтық көмек көрсеткен.
Валентина Бердина жағдайымен танысқаннан кейін Ақтөбе облысы полиция департаментінің көші-қон қызметкерлері қарияны құжаттандыру жұмыстарына дереу кірісті. Нәтижесінде 13 қаңтар күні полиция қызметкерлері Валентина Бердинаның тұрғылықты мекенжайына арнайы барып, оған Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін тапсырды. Қатты қуанған қария көзіне жас алып, өзіне қол ұшын созған барша жанға алғысын жеткізді.
– Тіпті, не айтарымды білмей тұрмын. Барша Қазақстан жұртына рақмет. Қайырымды жандардың сондай көп екенін білмеппін. Тіпті, өмір сүргім, жұмыс жасағым келіп кетті. Енді зейнетақымды алсам, арманым жоқ, – деді толқыған қария.