Ақтөбеде 9 жастағы бала астық сақтайтын резервуарға құлап кетті
Кәмелетке толмаған бала элеватор жақта ойнап жүріп, тереңдігі шамамен 10 метр болатындай астық сақтайтын резервуарға құлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 мамыр күні сағат 23:31-де 102 телефонына хабарлама келіп түсті. Сағат 17:00-де Жанқожа батыр көшесіндегі үйлердің ауласынан 9 жастағы бала жоғалып кеткен. Полиция қызметкерлері кешенді іздестіру шараларын жүргізіп, баланың болуы мүмкін жерлерді қарап шықты.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторлары іздестіру жұмыстары кезінде элеватор ғимараты жанын тексерді. Элеваторный көшесінде тереңдігі 10 метр болатын резервуардан баланы тапты. Жағдайы өте нашар болды.
Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар баланы резервуардан көтеріп шығарды. Кәмелетке толмаған бала балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне жатқызылды.
Ақтөбе облысы ПД ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмады ескертеді. Балаларға құрылыс алаңдары мен ғимараттар аумағында жүрудің ережесін үйрету керек. Ата-аналар балаларының қай уақытта, қай жерде жүргенін бақылауы қажет.