Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде айбынды полицейді еске алуға арналған спорттық іс-шара өткізілді

1 шілдеде Ақтөбе облысы полиция департаментінің арнайы жасағының ержүрек жауынгері, полиция аға лейтенанты Руслан Жолдыбаевты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Турнирде өңірдегі құқық қорғау және арнайы органдардың 8 командасы кездесіп, спорттық шеберліктерін сынға салды. Қатысушылар қатарында арнайы бөліністер ардагерлерінің құрама командасы да бар.

Сайыстың бұл күнге орайластырылуы да кездейсоқ емес. Осыдан тура 13 жыл бұрын дәл осы күні аға инспектор-сапер Руслан Жолдыбаев Темір ауданында қарулы діни эстремистік сипаттағы қылмыстық топпен бетпе-бет атыс кезінде, жолдастарын қорғай отырып, ауыр дене жарақатын алса да жолдастары шегінгенше атысты тоқтатпай, ерлікпен қаза тапқан болатын. Батыр полицейді еске алуға арналған спорттық шараның ашылу салтанатында полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов сөз сөйледі.

– Бүгінгі спорттық шараның біз үшін орны ерекше. Қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза болған Руслан Жолдыбаевтың батыл болмысы – әр полицей, әр өскелең ұрпақ үшін үлгі, батырымыздың жарқын бейнесі мәңгі жадымызда. Руслан бауырымыз қасымызда болмаса да, мәңгі жүрегімізде! Бүгінгі спорттық іс-шараға батырымыздың отбасын да арнайы шақырдық, – деді өңірдің бас полицейі.

Турнир аса тартысты, әрі қызықты өтіп, командалардың әрқайсысы спорттық шеберлік пен дайындықтың жоғары үлгісін көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша өздерін шағын футболдың шебері ретінде танытқан полиция департаментінің құрама командасы чемпион атанса, күміс жүлдені ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағының командасы қанжығасына байлады. Үздік үштікті Ақтөбе облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасынан құрылған команда қорытындылады.

Сондай-ақ үздік ойын үлгісін көрсеткен ЖҚАЖ командасының ойыншысы Айдын Төлепбаев “Үздік шабуылшы”, қақпасын алынбас қамалға айналдырған ПД командасының ойыншысы Мақсат Мандыбай “Үздік қақпашы” номинациясын жеңіп алса, ойын барысында шеберлігімен тәнті еткен МҚКБ командасының мүшесі Олжас Оразовқа турнирдің “Үздік ойыншысы” номинациясы табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру