Ақтөбеде әкімшілік полиция тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Қазақстан Конституциясы күні қарсаңында Ақтөбеде әкімшілік полиция қызметкерлері азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шара мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында өтіп, тұрғындар әкімшілік полиция құзыретіне кіретін сұрақтарын қойып, уәкілетті мамандардан құқықтық кеңес пен нақты шешу жолдары туралы толық ақпарат алды.
Келушілердің басым бөлігін автокөлік және мотокөлік құралдарын тіркеу мәселелері қызықтырды. Мәселен, алыс ауылдан арнайы келген тұрғын өзінің жүрмей тұрған жүк көлігін қалаға жеткізе алмай жүргенін айтып, кеңес сұрады. Полиция қызметкерлері көліктің құжаттарын тексеріп, ауданнан криминалист маман жіберуді өз жауапкершіліктеріне алды.
Тағы бір ақтөбелік тұрғын мопедіне VIN-код алу мәселесінде қиындықтар туындағанын айтып, полицейлерден көмек сұрады. Құжаттарды мұқият тексерген қызметкерлер оған көлікке криминалистік сараптама жүргізіп, кейін VIN-код беру туралы өтінім жолдау қажеттігін түсіндірді. Сондай-ақ туындауы мүмкін кез келген сұрақтар бойынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қабылдау барысында айыппұлдарды төлеу тәртібі, көлікті онлайн тіркеу, бейнекамера көмегімен анықталған құқық бұзушылықтар, тіркелмеген қаруды ерікті түрде тапсыру мен сатып алу тәртібі секілді мәселелер де талқыланды.
- Конституция күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл шараның негізгі мақсаты – азаматтарға құқықтық көмек көрсету, оларға қолжетімді болу және сенімін арттыру. Келушілер белсенділік танытып жатыр, ал біздің қызметкерлер олардың мәселелерін барынша жедел әрі оңтайлы шешуге тырысуда, – деді Ақтөбе облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтеген.
Бұл қабылдау шарасы құқық қорғау органдарының ашықтығын арттырып, тұрғындармен тікелей диалог құруға мүмкіндік берді.