Ақтөбеде ақша бопсалаумен айналысқан бірнеше күдікті қамауға алынды
Ақтөбеде ақша бопсалаумен айналысқан бірнеше күдікті қамауға алынды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
17 наурызда Ақтөбе облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, жедел іс-шаралар жүргізу барысында облыс орталығының бірнеше тұрғынын бопсалаумен айналысты деген күдікпен ұстады.
Тергеп-тексеру барысында бұрын-соңды сотталған тұлғалар ойлап табылған сылтаумен Ақтөбе тұрғынының автокөлігін тартып алғаны және оны қайтару үшін иесінен 2 миллион теңге сомасында ақшалай қаражат талап еткені анықталды.
Іс-шаралар кешенін өткізу барысында күдіктілер жәбірленушіден ақшалай қаражатты алу кезінде ұсталды. Ішкі істер органдарына барлығы 15 адам жеткізілді, олардың екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тінту барысында күдіктілерден газ тапаншасы, бірнеше патрон, жиналмалы пышақ және ақшалай қаражат тәркіленді.
Қазіргі уақытта жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.