Ақтөбеде арнайы жасақ жауынгерлері балалар лагеріне барды
Ақтөбеде арнайы жасақ жауынгерлері балалар лагеріне барды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
29 шілдеде Ақтөбе қаласындағы "Шұғыла" жазғы сауықтыру лагерінде облыстық полиция департаментінің қызметкерлері балалармен қызықты танымдық кездесу өткізді.
Кездесуге жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың (ЖҚАЖ) бір топ жауынгерлері келді. Олар балаларға жауынгерлік тәсілдер мен арнайы құралдарды қолдану элементтерін көрсетті. Сонымен қатар кинологиялық қызмет мамандары қызметтік иттердің қатысуымен арнайы көрсетілім ұйымдастырып, олардың қызметтік міндеттері туралы жан-жақты түсіндіріп берді.
Арнайы жасақ жауынгерлерінің айбыны менқызметтік иттің кәсібилігі – балаларға ерекше әсер сыйлады. Олар жауынгерлер мен полицияның төрт аяқты көмекшілерін айнала қоршап, ерекше қызығушылықпен суреттерге түсті.
Шара аясында полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың алдын алу, тәртіпті сақтау, мүліктік қауіпсіздік және жолда жүру ережелері туралы айтып берді. Сонымен қатар өңірде өтіп жатқан "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары демалушы балаларға түнде көшеге шықпау, түнгі серуендердің қаупі мен құқықтық салдары туралы кеңінен баяндап берді.