Ақтөбеде бірнеше велосипед ұрлаған күдікті қылмысын жасыру үшін айғақтарды балконнан лақтырған
Ақтөбеде ұрлық жасаған тұрғын қылмысын жасырмақ болып, заңсыз иемденген велосипедтерді балконнан лақтырған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18-20 шілде аралығында қала аумағында «Велосипед» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында 10 велосипед ұрлығы тіркелді. 5 велосипед ұрлығы ашылды, оның ішінде үшеуі бұрын жасалған қылмыс.
Мысалы, полиция қызметкерлері бірнеше велосипед ұрлаған Ақтөбе қаласының тұрғынын анықтады. Күдіктіні ұстау кезінде ол балконнан үш ұрланған велосипедті лақтырып, айғақ заттардан құтылмақ болды. Аталған азамат көпқабатты үйлердің кіреберістерінен бекітілген велосипедтерді ұрлаған. Бірнеше күн ішінде ол 4 велосипед ұрлағаны анықталды.
Ұрлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.