Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде болашақ полицейлер өз арманын қағазға түсірді

Ақтөбеде болашақ полицейлер өз арманын қағазға түсірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы полиция департаментінде қызметкерлердің балалары арасында "Мен полиция боламын" және "Менің ата-анам – полицей" тақырыптарында сурет байқауы ұйымдастырылды. Шығармашылық жарысқа 40-қа жуық бала қатысып, өз қиялындағы полицей бейнесін қағаз бетіне түсірді.

Жас суретшілер ата-аналарының мамандығына деген құрметін, сондай-ақ өздерінің болашақтағы армандарын суреттер арқылы әсерлі жеткізе білді. Кейбір балалар тәртіп сақшысының қызмет сәтін бейнелесе, енді біреулері өздерін болашақ полицей ретінде елестетіп салған.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Апсеттаров балалардың туындыларына ерекше баға беріп, әрбір суреттің шынайы сезім мен жүрек жылуына толы екенін атап өтті:

– Бұл суреттерде балалардың ата-аналарына деген мақтанышы мен полиция қызметіне деген құрметі көрініс тапқан. Мұндай шығармаларды бағалау оңай емес, өйткені әрқайсысы ерекше, – деді ол.

Байқаудан кейін балалар үшін полиция департаментінің мұражайына танымдық экскурсия ұйымдастырылып, олар құқық қорғау саласының тарихымен және қызмет ерекшеліктерімен танысты. Іс-шара соңында бүлдіршіндерге тәтті балмұздақ үлестіріліп, мерекелік көңіл-күй сыйланды.

Мұндай бастамалар жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді, отбасы мен еңбекке құрметті қалыптастырып, полиция қызметіне деген сенімді нығайта түсетіні сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру