Ақтөбеде ер адам 21 жастағы тұрғынды тонап кетті
Ақтөбеде ер адам 21 жастағы тұрғынды тонап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 2 желтоқсанында қалалық полиция бөліміне 21 жастағы жергілікті тұрғын тонау дерегі бойынша арызданды.
Оның айтуынша, 2 қараша күні Әкімжанов көшесінде белгісіз адам оған тиесілі 350 мың теңге тұратын IPhone-12 ұялы телефонын ашық түрде ұрлап кеткен.
Криминалдық полиция қызметкерлері бейне бақылау камераларының көмегімен 22 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Тергеу барысында күдіктінің үш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Телефон иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК 191-бабы 1-бөлігі тонау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Осы баптың санкциясы екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Егер сіз қылмыстың құрбаны болсаңыз, бұл туралы жақын маңдағы полиция бөліміне немесе 102 телефонына мүмкіндігінше тезірек хабарлауға тырысыңыз. Ұрлық жасалған уақытта бірден полицияға хабарлаған кезде күдіктіні «ізін суытпай» ұстау мүмкіндігі жоғары болады.