Ақтөбеде ерлікпен қаза тапқан полицейдің есімі ұлықталды
Қайсар болмыс пен антына адалдықтың айқын үлгісі болған полиция аға лейтенанты Руслан Жолдыбаевтың есімі ұлықталып, өзі оқыған Ақтөбе қаласындағы №13 орта мектепте батырдың атына алғашқы әскери дайындық сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы ПД арнайы мақсаттағы бөлінісінің аға инспекторы Руслан Баққалиұлы Жолдыбаев 2011 жылдың 1 шілдесінде Темір ауданында екі полиция қызметкерінің өмірін қиған қарулы діни эстремистік сипаттағы қылмыстық топпен бетпе-бет атыс кезінде, жолдастарын қорғай отырып, ауыр дене жарақатын алса да, жолдастары шегінгенше атысты тоқтатпай, қандықол қылмыскерлер қолынан ерлікпен қаза тапты.
Батырдың ерлігі мен жанқиярлығын айшықтау және мәңгі үлгі ету мақсатында өткізілген шараға Ақтөбе облысы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, ІІО ардагерлері, облыс әкімінің орынбасары, мектеп ұжымы, батырдың отбасы – анасы, жары мен қызы, сондай-ақ оқушылардың ата-аналары қатысты.
6-сыныптың 25 оқушысы тәжірибелі тәртіп сақшыларының алдында мақтанышпен, әрі толқыныс сезімімен салтанатты түрде адалдық антын беріп, Руслан Жолдыбаев атындағы сыныпқа ресми түрде қабылданды.
Сонымен қатар, шарада полиция департаментінің және №13 орта мектептің басшылығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, алдағы ауқымды жұмыстың бірлескен бағытын айқындады.
Салтанатты ашылу рәсімінде полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов:
– Қазақта “Ұлым деп жыламаған ел болмаса, елім деп жылайтын ұл қайдан болсын” деген қанатты сөз бар. Елім деп езіліп, жанын қиған Русланның ерлігі – бойымызда шексіз құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатса, екінші жағынан оның қайғылы қазасы қабырғамызды қайыстырады. Ел үшін туып, ел үшін жанын қиған еріміздің есімін ұлықтау және үлгі ету мақсатында бүгін облыс әкімдігінің қолдауымен ашылып отырған бұл сыныптың өрендері болашақта еліне адал қызмет ететін азаматтар боларына сеніміміз мол, – деп, ерекше толқыныста болған батырдың анасы мен отбасына қолдау сөздерін арнап, алғыс хат пен гүл шоқтарын табыстады.
Әрі қарай батырдың анасы – Алтын Жолдыбаева пен ПД бастығы Абай Жусупов мектеп ғимаратынан “Айбын” орденінің иегері Руслан Жолдыбаев атындағы әскери даярлық кабинетін салтанатты түрде ашып, қабылданған жас өрендер патриоттық жыр шумақтарынан шашу шашты.