Ақтөбеде есептегі сотталған пробация қызметкеріне пара ұсынған
Ақтөбеде пробация қызметінің инспекторын 10 мың теңгемен сатып алғысы келген есептегі сотталған ұсталып, бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша сотталған 41 жасар ақтөбелік азаматтың пробация инспекторына пара ұсыну дерегінің жолы кесілді.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Ақмерей Толыбаева пробациялық бақылауда тұрған сотталған азаматты тексеру кезінде бас бостандығын шектеу жазасын орындау туралы сот үкімінің талаптарын бұзғанын анықтаған. Осыған байланысты пробация инспекторы сотталғанның бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру үшін сотқа материалдар дайындаған. Осы кезде пробация есебінде тұрған сотталған азамат бас бостандығынан айырудан және психиатрдан мәжбүрлеп емдеу түріндегі жазадан жалтару мақсатында пробация қызметінің инспекторына 10 мың теңге сомасында пара ұсынған. Алайда қызметіне адал инспектор бұл туралы өз басшылығына дереу хабарлаған.
– Осы оқиға бойынша Ақтөбе облыстық ҚАЖ департаментінің өзіндік қауіпсіздік бөлімімен ҚР ҚК-нің 367-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметтерде мемлекеттік лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметі бастығы Д.Тулеуова.