Ақтөбеде есептегі сотталғандар тұрақты жұмысқа жолдама алды
Ақтөбеде пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласы Алматы ауданы пробация қызметі есебінде тұрған жұмыссыз сотталғандар Ақтөбе қаласы мансап орталығында ұйымдастырылған мамандандырылған шағын бос орындар жәрмеңкесіне қатысты. Шара барысында есептегі азаматтарға бос жұмыс орындары ұсынылып, еңбек бағдарламасының мүмкіндіктері түсіндірілді.
Жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу мақсатында өткізілген жәрмеңкеде есептегі азаматтар үшін нәтижелі әрі тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берілді. Жәрмеңкеге қатысқан 9 жұмыссыз сотталғанның бесеуі жұмысқа жолдама алып, төртеуі ұсынылған жұмыстардан әртүрлі себептермен жазбаша түрде бас тартты.
– Жазасын темір тордың ар жағында өтеп келген адамдарды, есепте тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу – біздің басты назарымызда. Іс-шара барысында сала мамандары мен пробация есебіне алынған азаматтар ашық пікір алмасып, кәсіпкерлік туралы пікір алмасты. Айта кететін жайт, жыл басынан бері пробация есебінде тұрған 8 азамат жаңа өмір бастап, жұмысқа орналасты, – дейді пробация қызметкерлері.