Ақтөбеде есептегі сотталғандарға электронды бақылау құралы тағылды
Ақтөбе қаласы Алматы аудандық пробация қызметі есептегі сотталғандарға электронды бақылау құралын тақты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Электронды бақылау құралын – бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы жазбаша ескертуі бар бас бостандығын шектеуге сотталған адамға 1 жыл мерзімге, ал шартты сотталған адамға қатысты пробациялық бақылау сот қаулысымен ұзартылған мерзімге дейін қолданылады. Сонымен қатар қайта қылмыс жасауға бейім, сот жүктеген міндеттермен жаза өтеу шарттарын бұзған, қылмыстық тарихы бойынша бірнеше рет сотталған адамдарға электронды бақылау құралы қолданылады.
Электронды бақылау құралы қолданылған есептегі тұлғаларға электронды бақылау құралын қолдану туралы шешіммен таныстырып, оның қуатталуы туралы және өз еркімен бұзу, зақымдау, рұқсатсыз шешкен жағдайда жауаптылықта болатыны туралы ақпаратпен жазбаша таныстырып, түсіндірілді.
– Электрондық бақылау құралы қолданылған сотталғандарды арнайы биомониторинг қосымшасы арқылы қадағаланады. Электронды бақылау құралы арқылы сотталғандардың сот жүктеген міндеттерді орындауын, жаза өтеу тәртібін бұзбауын, қайта қылмыстың алдын алуға болады деп есептеймін, – дейді Ақтөбе қаласы Алматы аудандық пробация қызметінің бастығы Д.Тулеуова.