Ақтөбеде есірткі курьері 10 жылға бас бостандығынан айырылды
Ақтөбеде есірткі курьері 10 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбелік азамат айына 250 мың теңге табу үшін қылмысқа барып, соңында 10 жылға сотталды.
39 жастағы ақтөбелік OLX сайтында 250 мың теңге жалақысы бар курьер қызметіне бос орын туралы хабарландыруды тапқан. Оған қала ішінде және одан тыс жерлерде есірткі қою керек екені түсіндірілген. Ол бұл қылмыс екенін біле тұра, келіскен. Күдікті аталған координаттар бойынша есірткінің ірі партияларын тауып, оларды шағын дозаларға орап, жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша басқа жерлерге жасырған.
Полиция оны Маржанбұлақ ауылының маңында ұстады, бұған дейін ол есірткіні орман алқабына жасырған. Сотта ол өзінің кінәсін толық мойындап, есірткіні сатпағанын, бірақ оны жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша жасырумен айналысқанын айтты.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот есірткі курьерін 10 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.