Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде есірткі қылмыстары үшін сотталған азаматтармен профилактикалық кездесу өтті

Ақтөбеде есірткі қылмыстары үшін сотталған азаматтармен профилактикалық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, Ақтөбе облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметімен бірлесіп, 2025 жылы есірткі қылмыстары үшін бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтармен кездесу өткізді.

Аталған азаматтар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі және 297-бабының 3-бөлігі бойынша — есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтау және өткізу фактілері үшін сотталған.

Кездесудің негізгі мақсаты – есірткіге қарсы профилактикалық шараларды күшейту және қайта құқық бұзушылықтардың алдын алу. Шара барысында полиция мен пробация қызметінің өкілдері қатысушыларға заң талаптарын түсіндіріп, қоғамға қайта бейімделу жолдары туралы кеңес берді.

Сонымен қатар кездесуге қатысқан бірқатар азаматтар нашақорлықтың алдын алу бағытындағы іс-шараларға ерікті ретінде қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Олар Ақтөбе қаласындағы оқу орындарын аралап, жастармен кездесіп, өздерінің есірткіге байланысты теріс өмірлік тәжірибелерін бөлісуге және есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ниет білдірді.

Мұндай кездесулердің басты мақсаты – қоғамға қайта оралған азаматтардың әлеуметке бейімделуіне ықпал ету, нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру