Ақтөбеде колонияға тыйым салынған заттарды жасырын кіргізбек болған азамат ұсталды
Ақтөбеде колонияға тыйым салынған заттарды жасырын кіргізбек болған азамат ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №70 мекеме қызметкерлері жедел ақпарат негізінде жүргізілген тексеру барысында заңсыз әрекетті әшкереледі.
Мекеменің жедел және режим бөлімдерінің қызметкерлері сәлемдемеге тексеріс жүргізу кезінде жазғы аяқ киімнің табанына мұқият жасырылған екі ұялы телефон, екі SIM-карта және екі USB-шнурды тапты.
Белгілі болғандай, аталған тыйым салынған заттарды мекемеде қамауда отырған танысына жеткізбек болған 29 жастағы қала тұрғыны ұсталды.
Тексеру кезінде азамат өз кінәсін толық мойындаған. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.
– Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет ету – заңмен қатаң жазаланатын құқық бұзушылық. Мұндай әрекеттердің алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі, – деді №70 мекеме бастығы Мирас Хамзин.