Ақтөбеде колонияға тыйым салынған заттарды жасырын кіргізбек болған азамат ұсталды
Ақтөбеде колонияға тыйым салынған заттарды жасырын кіргізбек болған азамат ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №70 тергеу изоляторында тыйым салынған заттарды заңсыз кіргізу әрекетінің жолы кесілді.
Мекеменің жедел және режим бөлімдерінің қызметкерлері алдын ала алынған жедел ақпарат негізінде мекемеге келіп түскен сәлемдемеге мұқият тексеру жүргізді. Тексеру барысында майонездің ішіне жасырылған Samsung ұялы телефоны анықталып, дереу тәркіленді.
Аталған тыйым салынған затты мекемеде қамауда отырған танысына жасырын түрде өткізбек болған Ақтөбе қаласының 32 жастағы тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тиісті материалдар жинақталып, заңнамаға сәйкес шара қолдану үшін құзырлы органдарға жолданды.
Айта кетейік, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне ұялы телефондар мен өзге де байланыс құралдарын кіргізуге қатаң түрде тыйым салынған. Мұндай әрекеттер мекеменің белгіленген режим талаптарын бұзып қана қоймай, құқыққа қайшы іс-әрекеттердің орын алуына себеп болуы мүмкін.
ҚАЖД қызметкерлері мекемелерде заңдылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды тұрақты негізде жалғастырып келеді.
