Ақтөбеде мас күйдегі үш мотоцикл жүргізушісі анықталды
10–20 шілде аралығында Ақтөбе облысы аумағында "Мотокөлік" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, мотокөлік құралдарының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуының жолын кесу, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның алғашқы 5 күнінде облыс бойынша 450-ден астам мотокөлік тексеріліп, 136 құқық бұзушылық тіркелді.
Атап айтқанда, 7 жүргізуші мотошлемсіз жүрсе, 74 адам мотоциклді жүргізуші көлік басқару құқығынсыз рөлге отырған. Ал 3 мотоцикл жүргізушісі көлік құралын алкогольдік мас күйінде басқарған.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында мотоциклдің қатысуымен 11 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 3 адам қаза тауып, 8 адам жарақат алған.
Осыған байланысты іс-шара аясында мотокөлік иелеріне қауіпсіздік талаптары мен қолданыстағы заңнама нормаларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары да ауқымды жүргізіліп жатыр.
Полиция жолдағы қауіпсіздік — баршаға ортақ жауапкершілік екенін еске салады. Жол қозғалысы ережелерін сақтау, қорғаныс жабдықтарын пайдалану және көлік құралдарының техникалық жарамдылығы – әрбір жол қозғалысына қатысушының өмірі мен денсаулығының кепілі.