Ақтөбеде мас жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кетті
Ақтөбеде мас жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 мамыр күні сағат 02.30-да Ваз 21144 автокөлігінің 28 жастағы жүргізушісі Бөгенбай батыр көшесімен П.Морозов көшесінің қиылысында жүріп келе жатып, жолдың жүру бөлігінен өтіп бара жатқан 53 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші оң жіліншігінің жабық сынуы анықталып, Ақтөбе қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасына жатқызылды.
Жүргізушінің қанында алкогольдің бар-жоғына жүргізілген сараптама көрсеткендей, жүргізуші алкоголь мен опиоидтерді тұтынудан туындаған мас күйінде көлік басқарған.
Аталған факті бойынша полиция тергеу жүргізуде.
– Мас жүргізушілердің кінәсінен жол-көлік оқиғалары орын алуда. Жазықсыз адамдар оқиға салдарынан қайтыс болуы немесе жарақат алуы, өкінішке орай, жиі кездеседі. Мас жүргізушілердің кінәсінен апаттардың алдын алу полицияның басым міндеті болып қала береді. Жол қозғалысын күнделікті қадағалау және мас күйінде көлік жүргізу фактілерінің жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілуде, – деп атап өтті Ақтөбе қ.ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Ермек Шуканов.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті куәгерлер және жүргізушілерден мас жүргізушілер мен желікпе көлік жүргізушілері туралы 102 телефоны арқылы дереу хабарлауды сұрайды. Сіздің белсенді азаматтық ұстанымыңыз адамдардың өмірін сақтап қалуы мүмкін.