Ақтөбеде отбасылық жанжал пышақ жарақатымен аяқталды
Ақтөбеде отбасылық жанжал пышақтасумен аяқталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 шілдеде зейнеткер жұбайлар арасында жанжал туындап, оның барысында 66 жастағы отағасы 60 жастағы әйеліне пышақ жарақатын салған.
Жәбірленуші АМО-ға пышақ жарақатымен жеткізілді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Осы баптың санкциясы үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 17 қылмыс тіркелген. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларының бірі – қорғау нұсқамаларын шығару және құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу.
Учаскелік полиция инспекторлары 2 590 қорғау нұсқамасын шығарды, соттар құқық бұзушылардың жүріс-тұрысына 701 ерекше талап қойды, оның ішінде 564 құқық бұзушыға қатысты алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынды.
Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша (Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін) 923 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 114 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.